700 адам қаржы пирамидасына алданған


537153.jpg

Елімізде аты шулы "Questra World" пирамидасына қаржы құйып кейіннен бармақ тістеп қалғандар саны 700 адамға жеткен. Ұйым өкілдері бірнеше қалаларда жиын өткізіп, сертификат табыстаған. Онымен қоса салған "инвестиция" арқылы жылына 200-300 есе пайда табасыз деп жұртты сендіріпті. Жиған-тергенін алаяқтарға беріп, соңында жер сипап қалғандар бүгінде Елордада әділдікке қол жеткізе алмай келеді.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.     

Залға лық толған жұрт. Бір кездері атағы дүркіреген қаржы пирамидасының тренингіне халық осылай жиналыпты. Видео былтыр түсірілген. Тілге жатық мамандарының сөздеріне, құдайдай сенген отандастарымыз қақпанға түсіп, бүгінде жиған-терген қаржысынан айырылып отыр.

Гүлжан Күзер, қаржылық пирамидасының салымшысы:
"Жалпы, кірген сомамыз біздің 12 млн теңгені құрайды. Бұл қаржылық пирамида Қазақстанға 2016 жылы кірген. Оны Россияның азаматтары алып келген. Бірақ, Қазақстанда таратып, дамытып жүрген ол  Карамаев Кенесары деген Қарағандының азаматы, қазір сот процесі жүріп жатыр. Сот процесіне біздің наразылығымыз бар. 550 млн-нан артық доллар Қазақстанның шетіне шығарылып кеткен".

Дәл осы қаржы пирамидасынан опық жегендердің жағдайына алаңдаған халық қалаулылары да екі жыл бұрын Парламентте мәселе көтерген еді. Азаматтарымыздың қаржылық сауатының төмендігіне қынжылған Бекболат Тілеухан, ол компанияларға кеткен ақшаны қайтарып алудың қиын екендігін айтқан болатын. Себебі, ондай мекемелердың есепшоты афшорларда орналасқан екен.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
"Биыл "Questra World" дейтін қаржылық компанияның дақпырты жүріп тұр. Аңқау қоғам олардың сен инвесторсың дегеніне сеніп, жиған-терген бар ақшасын сонда салып жатыр. Осы "Questra" тақылеттес Қазақстандағы компанияның орта деңгейлі менеджерінің өзінің астына келіп қосылғандар 12 млн доллар жинап беріпті. Біз толық көлемді ақшаны біле алмаймыз қисап жоқ онда. Осы "Questra" секілді компаниялар Испанияда орналасқан дегенмен, олардың негізгі мекен-жайы мына Виргин аралдары секілді аффшорларда орналасқан".                  

Бұл ұйымға алданғандар тек біздің елде ғана емес, Ресей, Украина, Беларусь сынды мемлекеттерде де бар екен. Жалпы зардап шеккендер саны жарты миллиноға жуықтайды. Қаржылық пирамиданың негізін қалаған украиналық азамат өткен жылы Мәскеуде тұтқындалған еді. Ал, еліміздегі баламасын құрғандар бүгінде сот алдында жауап беруде. Бірақ, зардап шеккендер олардан бір тиын да өндіріп ала алмай келеді.

Марат Муталиев, қаржылық пирамидасының салымшысы:
"2016 жылдың соңында мен Карамаев Кенесары деген азаматпен таныстым, ол өз қаржы пирамидасын жарнамалай бастады. Заңды түрде тұрақты табыс табуға болатынын айтты. Мен айтқанына сеніп, 100 мың евромды салдым. Біздің валютаға шаққанда 40 млн теңге. Ақшамызды алып қарасын батырды".

Жер сипап қалғандардың сөзінше, алаяқтар салымшыларды тарту үшін түрлі айла тәсілге барған. Құйған қаржыңызды 3 айдың ішінде қайтарып, дивиденд, яғни белгілі мөлшерде табыс табасыз деп сендіріпті. Дәл осындай алданып қалғандардың бірі қолындағы 10 млн теңгесін санап берген.    

Әсел Қазекеева, қаржылық пирамидасының салымшысы:
"Өзімнің туысым шақырып отырғаннан кейін мен сендім. Бірі осыған кіріп, табыс тауып жатыр дегеннен кейін, кредитке ақша алып, жинаған бүкіл ақшамызды шығарып, салдық. Өйткені, аптасына дивиденд аласыздар, 3 айдың ішінде қайтарасыздар ақшаңызды. Одан кейін, 7 ай бойы табыс көзін көресіздер деп сендірді. Менің салынған жалпы сомам 23 мың евро болып саналады".  

Алаяқтарға жем болып жүргендер тұрғысында, еліміздің театрлары сатирамен  қойылымдар көрсетіп жүр. Алайда, бұл қаржылық сауаты жоқ азаматтарды "қалың ұйқыдан" оятуға септігін тигізбей жатқан секілді.

"Сол 5 млн-ды алған кезде анау келін шықты. Пирамида деген нәрсе бар екен соған кіремін деп, 1,5 млн теңге төледі. Анау пирамида да жоқ. 1,5 млн-да жоқ. Біздің де келін кіріп кеткен оған 2 млн-ға ештеңе етпейді".

Ал, заңгерлер кез-келген адамға күмән ұялататын ұйымды анықтау үшін бірнеше қарапайым дүниелерге назар аударуға шақырады. Олар ауқымды жобалар, шет-шегі жоқ сыйлықтар және өзіңнен соң компанияға бірнеше адам тарту деген ереже. Пайданы көздегендердің мекемесі болса, осындай пункттер міндетті түрде кездеседі екен.       

Бақытжан Омарханов, заңгер:
«Адамдардың қаржылық жағынан сауатсыздығы. Интернет арқылы көп адамдар алданып қалып жатады. "Алғашқы адамдарға олар шындығында да өздерінің процентін береді. Алдыңғы адамдар сеніп, артқы адамдарды тарту үшін».   

Елордадағы Алматы аудандық сотында 4 айдан бері қаралып жатқан іс бойынша, күдікті ретінде 4 адам жауап беруде. Олар шеттен келген пирамиданың елімізде "өркендеп, қанат жаюына" себепші болған. Ал, пәтерін сатып, қарызға белшесінен батқан жандардың қаржысы қайтарыла ма, жоқ па ол сұрақтың басы әзірге ашық тұр.


Караван жаңалықтары - https://kaz.caravan.kz/zhangalyqtar/


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Облыста ішкі туризм дамуда
  • Ордабасы ауданында сауықтыру туризмі дамиды
  • Ясауи кесенесі 200-ге жуық шаммен жарықтандырылады
  • Түркістан облысында 1200 басқа арналған жаңа сүт фермасы салынып жатыр
  • Түркістан облысында 134 өзен – көлде балық өсіріледі