Шымкент әкімі коронавирусқа байланысты мәлімдеме жасады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті телеарнаның бірінде коронавирусқа байланысты қала тұрғындарына мәлімдеме жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. 

photo_305743.jpg

Шаһар басшысының сөзінше, Шымкентте әуежай мен теміржол вокзалының жұмыстары, авиа және теміржол қатынастары толық тоқтатылады. Сонымен қатар автокөлік базарлары, азық-түлік жәрмеңкелері, мобильді телефон сататын дүкендердің жұмысы да тоқтатылады. 

Шымкент қаласы аумағына кіріп шығуға шектеу қойылады. 

Мегаполиске сағат кешкі 21:00-ден таңғы сағат 7:00-ге дейін автокөліктер мен азаматтардың кіруіне және шығуына тыйым салынады. Бұл тыйымның транзиттік көліктер мен азық-түлік тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ. 

Коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарға меншік түріне қарамастан барлық жайларда, тұрғын үйлерде және аумақтарда, діни нысандарда жеке, отбасылық, еске алу іс-шараларын және басқа да салтанаттар, жиындар өткізуге қатаң тыйым салынады. 

Сонымен қатар, мал базарлары тек жексенбі күні сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Қаладағы қоғамдық көлік таңғы 6:00-ден 21:00-ге дейін ғана қызмет көрсетеді. 

Сондай-ақ, Мұрат Әйтенов барлық сауда нысандарына өз тауарлары мен қызметтерін сатуда онлайн режимге көшуді ұсынды. Инфекцияның таралуына жол бермес үшін, Қазақстан президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның келісіміне сәйкес, Шымкент қаласында 28-ші наурызда түнгі сағат 00.00-ден бастап, аталмыш қосымша шектеу шаралары енгізілетін болады. 

Әйтеновтің мәліметінше, короновирус жұқтырған екі тұрғынның жағдайы тұрақты, олармен байланыста болған 26 адам карантинге жатқызылған. Барлығынан тест-сараптамасы алынып, нәтижесі күтілуде. Ал короновирус анықталған тұрғындар тұратын үй (Абай ауданы "Тәуелсіздікке 20 жыл" тұрғын үй алабы) инфекцияның таралуын шектеу үшін 14 күнге карантинге жабылған. 

Сонымен қатар, қаладағы авто-вокзалдар мен бекеттердің және бала-бақшалардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұған дейін қызметіне шектеу енгізілген барлық сауда және басқа да нысандарда, келушілер мен сатушылар үшін медициналық бетперделерді киюді талап ететін санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтілді. 

"Құрметті жерлестер, осы шаралар сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін қабылданып отыр. Сондықтан, осы сын сағатта, түсінікпен қарап, бір-бірімізді сақтауға шақырамын. Өздеріңіз және жақындарыңыз, қалаға шыққан жағдайда, бетперде киіп, антисептик қолданып, бір-бірлеріңізге көмектесіп, санитарлық тазалықты сақтап, аталған шектеулерді орындайды деген үміттемін. Біз бірлесіп, осы қиындықты жеңеміз деп сенемін!", - деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов. 

Еске сала кетейік, бұған дейін 28 наурыз күнгі сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейтілетінін, ал еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте бірқатар шектеу шаралары күшіне енетінін хабарлаған едік.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Жалғыз әлем, жалғыз жүрек, жалғыз үй
  • Биыл 270 млн адам азық-түлік тапшылығын сезінеді – Тоқаев
  • Шымкентте аптасына үш күн азық-түлік жәрмеңкесі өтеді
  • Шағын және орта кәсіпорындардан 8 айда 222,1 млрд теңгелік өнім
  • Шымкентте діни конфессия өкілдері арасында спартакиада басталды