Коронавирусқа қарсы алғаш вакцина салдырған министр жағдайын айтты

Еліміздің білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Ол екпені 2020 жылдың тамызында салдырған. Жарты жылдан кейін Аймағамбетов денсаулық жағдайын және қазақстандық QazCovid-in вакцинасының әсерін айтты.

Асхат Аймағамбетов.png

Министрдің сөзінше, оның жағдайы жақсы. 

- Вакцинациядан кейін ешқандай асқыну, дене қызуының көтерілуі болған жоқ. Бірінші айда организмді тексеріп, анализдер өткізіп жүретінмін, бірақ кейіннен ешқандай өзгеріс болмағандықтан тексерілуді қойдым, - дейді министр. 

Аймағамбетов күзде Денсаулық сақтау министрлігінің Алматыдағы клиникалық базасына барып, онда аурухана мен жекеменшік орталық қызметкерлері антиденені анықтайтын анализ тапсырған. 

- Бірнеше күннен кейін зертхана менде коронавирус инфекциясына қарсы гуморалдық және жасушалық иммунитеттің барын анықтады. Бүгінде мендегі антидене жеткілікті. COVID-19 жұқтырмаймын деп үміттенемін. Тірі штамды жұқтырғанша, вакцина салдырып, иммунитет қалыптастырған дұрыс, - дейді Асхат Аймағамбетов.  

Министрдің сөзінше, отандық ғалымдар дайындаған коронавирусқа қарсы QazCovid-in қазақстандық вакцинасы бүгінде клиникалық зерттеудің ІІІ деңгейінен өтіп жатыр.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен біздің ғалымдар аз уақыт ішінде вакцина әзірлеп, ауқымды жұмыс атқарып үлгерді. Оны дайындау технологиясы ұзақ уақыттағы әсері тексерілген және оның барлық компоненті сенімді, себебі олар ұзақ уақыт бойы қолданылған басқа вакциналарды жасау кезінде сыналған. Мұндағы жаңа компонент - тек белсенді емес вирус. Вакцина салдыру туралы шешімді тез қабылдадым, себебі біздің ғалымдардың жұмысын күн сайын бақылап отырдым. Тағы бір фактор - жұмыс кезінде вирус жұқтырып алу қаупі, - деді министр. 

Білім министрі иммунитет қалыптасқанына қарамастан санитарлық ережені сақтап жүргенін атап өтті.  

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Жалғыз әлем, жалғыз жүрек, жалғыз үй
  • Биыл 270 млн адам азық-түлік тапшылығын сезінеді – Тоқаев
  • Шымкентте аптасына үш күн азық-түлік жәрмеңкесі өтеді
  • Шағын және орта кәсіпорындардан 8 айда 222,1 млрд теңгелік өнім
  • Шымкентте діни конфессия өкілдері арасында спартакиада басталды