Шымкентте халық саны 1 миллион 100 мыңнан асты

2021 жылғы Ұлттық халық санағының аяқталуына санаулы күндер қалды. Алдын-ала мәліметтер бойынша, бүгінде Шымкентте жалпыұлттық санақтан 1 106 637 адам өткен. Демек, бұған дейін тіркелген халық санына шаққанда 100,6 пайызды құрайды. Оның ішінде 308 660 адам, яғни, 28,1 пайызы онлайн-санақтан өтті. 797 977 азамат (72,6 пайыз) дәстүрлі санақ барысында тіркеліп отыр. 

 image.png

Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков пен Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Сырым Мәдиевтің қатысуымен өткен брифингте мәлім болды. 

Баспасөз жиынында 15 қазанда аяқталған онлайн-санақ көптеген өтініштерге байланысты қайта ұзартылғаны айтылды. 21 қазаннан бастап sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама функциясы қайта қосылған. Санақ сауалдарына, сондай-ақ, E-Gov порталы  немесе Aitu мобильді қосымшасы арқылы жауап беруге болады. Онлайн өту мүмкіндігі халық санағы аяқталғанға дейін, яғни 30 қазанға дейін қолжетімді болады. Онлайн-санақтан өткендер саны бойынша Қаратау ауданы жетекші орында. Аудан халқының 38,4 % жаңа форматта санақтан өткен.

- Шымкент қаласының тұрғындарына осы маңызды іс-шарада белсенділік танытқандары үшін алғыс айта отырып, санақтан әлі де өтпеген тұрғындарды санаққа барынша қатысуға шақырамын. Үйге бейтаныс адамдарды кіргізгіңіз келмесе, интернет желісі арқылы тіркелуге болады. Ел үшін айрықша маңызды әрі тарихи науқанға қатысып, қаламыздың дамуына елеулі және құнды үлес қоса аласыздар. Санақ қорытындысы экономикалық, демографиялық және әлеуметтік жағдайымызды көрсетеді. Алынған деректер барлық деңгейдегі бюджеттердің барынша объективті қалыптасуына негіз болады. Мәселен, тұрғын үй салу, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларды  дамытуға және жұмыс орындарын құруға көмектеседі, - деді қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков. 

1-30 қазан аралығында санақ дәстүрлі әдіспен жүргізілуде. Шымкент қаласында 1400-ден астам санақ персоналы тікелей халық санағын өткізіп, үй-үйді аралауда. Қарашаның 1-7 аралығында санақ өткізу әдістемесіне сәйкес, бақылау аралау шаралары қарастырылған. Бұл кезеңде шамамен 10% респондент қамтылатын болады. Ұлттық халық санағы кезінде тәулігіне 24 сағат бойы «1446» бірыңғай call-орталығы жұмыс істеуде. Ақпарат орталығына  қоңырау шалу тегін.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Отандық вакцинаға шет елде сұранысқа ие
  • Балалар арасында жоспарлы екпенің маңыздылығы түсіндірілді
  • Шымкентте халық саны 1 миллион 100 мыңнан асты
  • Шымкент: Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жалғасуда
  • Қалада «Халық қатысатын бюджет» жобасы жалғасуда