«Шымкентмайдың» өнімдеріне сұраныс жоғары

Screenshot_22.png

Өткен жылы Шымкент қаласында 654 миллиард 200 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Қаланың жалпыөңірлік ішкі өнімінің 25 пайызын осы өнеркәсіп саласы құрап отыр.

Мамандардың мәліметінше шымкенттік кәсіпорындар өткен жылы 150 миллиард теңгенің шикізаттық емес тауарын экспортқа шығарды. Қалада 35 белсенді экспортер-кәсіпорын бар және олар Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран, Латвия, Ауғанстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдеріне түрлі тауарлар жөнелтеді. Бұл кәсіпорындар негізінен мұнай өңдеу, машина жасау, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі және фармацевтика салаларында жұмыс істейді. Қаланың негізгі экспортталатын тауарларының қатарына мұнай және мұнай өнімдері – 16,1 пайызды, ұн – 13,4 пайызды, портландцемент және цемент өнімдері – 11,3 пайызды, мақта талшығы – 6,6 пайызды, күнбағыс майы – 5,7 пайызды, мұнай газдары – 4,6 пайызды, тоқыма бұйымдары – 3,6 пайызды құрайды.

Қазақстанның өзге өңірлеріне ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де өз тауарын шығарып, халықаралық нарықтағы қатаң бәсекелестікке төтеп беріп, сеніммен алға басып келе жатқан компаниялардың бірі – «Шымкентмай» акционерлік қоғамы. Сексен жылға жуық тарихы бар әйгілі кәсіпорын соңғы онжылдықта жаңарып, жаңғырып ерекше қарқынмен дамыды. Бұрындары негізінен өсімдік майын шығарып келсе, соңғы жылдары біртіндеп тауар ассортиментін кеңейтуде. Әуелдегі мақта майының қатарына біртіндеп күнбағыс майы, соя майы, мақсары және рапс майлары қосылды. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын зауыт майды физикалық өңдеу арқылы тазартылған май қышқылдарын алып, соның негізінде кір сабын өндірісін жолға қойды. Сол арқылы компания қалдықсыз әрі экологиялық тұрғыда таза өндіріске бір қадам жақындай түсті.

«Шымкентмай» компаниясының «Хозяйка» және «FRESHKO» сауда белгілерімен танылған кір сабындары үлкен сұранысқа ие. Себебі, оның құрамында жасанды ағартқыштар мен синтетикалық хош иістендіргіштер жоқ. Мұндай өнімдер гипоаллергенді болып саналады және оны тұрмыста ғана емес, косметологиядада қолдануға болады екен. Сол себепті кәсіпорын басшылығы кір сабын өндірісін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Бүгінде зауыттың құрал-жабдықтарын жаңартып, өндірісті жаңғырту жобасы қолға алынған. Инвестициялық құны 1 миллион АҚШ долларына тең жоба өндіріс көлемін арттыра түсуіге мүмкіндік береді.

Жалпы, «Шымкентмай» компаниясы өткен жылы 32 мың тонна өсімдік майы мен 6 800 тонна кір сабын өндіріп, оның басым бөлігін Ресей, Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан және Түркияға экспорттаған. Жалпы, бұл кәсіпорын өз табысының 70,5 пайызын экспортқа жөнелткен қаражатының есебінен тауып отырғанын да айта кеткен жөн.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Атамекенге» 8 жыл!
  • «Шымкентмайдың» өнімдеріне сұраныс жоғары
  • Ерболат Әмірханов: Креативті бизнес ашуға кеңес береміз
  • Сапалы жол – туризмнің тірегі
  • Креативті экономика индустриясы туризмге үлес қосады