Ұлыларды ұлықтаған айтыс өтті

Screenshot_10.jpg

Отырар ауданына  қарасты Темір ауылының Мәдениет үйінде Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, КСРО-ның еңбек озаты Төлеген Омаров пен Батыр ана Жәрдемкүл Байдалиеваны еске алуға арналған «Парасаты биік тұлға» атты облыстық айтыс өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Көпшіліктің делебесін қоздырған аламан айтысқа Кәрима Оралова, Біржан Байтуовтар бастаған елімізге танымал жыр сүлейлері қатысты.

Айтулы шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова «Соңғы бір айда ауданымызда екінші мәрте айтыс өтіп жатыр. Бұл жаңадан келген аудан әкімімен айтысқа, жалпы ұлттық өнерімізге деген Омаровтар әулеті секілді айтыс жанашырларының арқасы шығар. Біз осылай төл өнерімізді құрметтеп, қадірлеудің арқасында рухымызды асқақтатып, мәдениетімізді төрге оздырамыз» деп ақындарға сәттілік тілесе аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов: -Отырар тарихта «Отырар өркениеті» деген атпен қалды.

Содан болар қазақ халқының, жалпы ұлт тарихын зерттеген ғалымдарымыздың ешқайсысы да Отырар тарихына соқпай кеткен емес. Өйткені Отырар өзінің бай тарихы мен қатар, әл-Фарабидей ғұламасымен бүкіл әлемге әйгілі өңір. Ол 33 әл-Фарабидің отаны. Ол өзінің қаһарман қорғаушыларымен, өшпес даңққа батырлықтың, отансүйгіштіктің теңдесі жоқ үлгісіне айналған қала. «Куликова», «Бородина» шайқастары секілді Отырар қорғанысы да ұлттың оғландарын батырлыққа, қаһармандыққа тәрбиелейтін ұлы рухани күш сыйлап тарих еншісінде өшпес із салған текті ұлдар сыйлады.

Солардың бірі – қиын қыстау кезеңдерде толарсақтан саз кешіп, соғыс нәубетін бастан кешірген Төлеген Омаров ағамыз еді. Отырарлықтар өзінің осындай ұлы перзенттерімен, шежірелі тарихымен мақтанады. Даңқты жауынгер, абзал жанның тұлғалық танымын айшықтайтын жыр сүлейлерінің додасына қатысушы жүйріктерге сәттілік серік болсын, -деп ізгі тілегін білдірді. Сөзден маржан терген суырып салма ақындарға, айтыс өнерінің ақтангері Әселхан Қалыбекова бастаған әділ қазылар алқасы төрелік етті. Ауданымыздың шежірелі тарихы мен тұлғалы перзенттерін жырға қосқан сөз дүлдүлдерінің өнері көрермендердің көңілінен шықты.

Жыр сайысында әрдайым ұлттық өнерімізге жанашыр болып, демеушілік танытып жүретін Бақытгүл Омарованың кеудесіне Халық ақыны Әселхан Қалыбекова «Қазақстан патриоты» медалін тағып, көпшілік атынан атымтай жомарттығына алғыс білдірді. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші кешке дейін созылған шара соңында айтысқа қатысушылардың барлығы аудан әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Облыста ішкі туризм дамуда
  • Ордабасы ауданында сауықтыру туризмі дамиды
  • Ясауи кесенесі 200-ге жуық шаммен жарықтандырылады
  • Түркістан облысында 1200 басқа арналған жаңа сүт фермасы салынып жатыр
  • Түркістан облысында 134 өзен – көлде балық өсіріледі