Елбасы: Түркістанды астана ретінде қарастырдым

Түркістан. 5 қараша. ҚазТАГ - Хан мен батырлар жәй тапқан рухани, киелі мекен Түркістан шаһарында бүгінде құрылыс қыз-қыз қайнап жатыр, бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына жасаған сапары барысында баяндады.
Алдымен облыс орталығы Түркістан қаласында өткен концертті тамашалаған Елбасы, өңір тұрғындарымен де жүздесті. Концерт барысында сөз алған Елбасы облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы шешімді қалай қабылдағанын тілге тиек етті.
«Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан - түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін», - деді Н.Назарбаев.
Концерт соңында Нұрсұлтан Назарбаев қолөнершілердің көрмесін аралап көрді. Онда әлемнің 20 елінен келген шеберлердің жұмыстары ұсынылған.
Мұнан кейін Тұңғыш Президент қаладағы мәдени-ағарту нысандарының, әртүрлі бақтар мен Арбаттың құрылыс жоспарымен танысты. Сонымен бірге, «Нұр Отан» партиясының Төрағасына «Күлтөбе» қалашығы археологиялық паркін құру жоспары таныстырылды. Ұлт көшбасшысы өз кезегінде бүкіл қала бойынша жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтіп, облыс орталығының құрылысы мен жандануына ат салысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді.
Түркістан шаһарына ат басын бұрған Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістан қаласында бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланғанын, оның 102-сі биыл пайдалануға берілетінін, бұл процеске еліміздің барлық өңірлері қатысып жатқанына кеңінен тоқталды.
«Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар, қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді», - деп түйіндеді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Облыста ішкі туризм дамуда
  • Ордабасы ауданында сауықтыру туризмі дамиды
  • Ясауи кесенесі 200-ге жуық шаммен жарықтандырылады
  • Түркістан облысында 1200 басқа арналған жаңа сүт фермасы салынып жатыр
  • Түркістан облысында 134 өзен – көлде балық өсіріледі