Индустриалды аймақ қанат жайып келеді

Түркістан. 30 қазан. ҚазТАГ - Түркістан облысында индустриалды аймақ қанат жайып келеді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері отандық және шетелдік инвесторлар аймақта кәсіпорын ашуға қызығып отыр. Сол себептен ҚР Премьер-министрімен бекітілген 2019-2024 жылдар аралығында жүзеге асатын өңірлік кешенді дамыту жоспарына сәйкес Түркістан қаласында жалпы жер аумағы 310 га құрайтын жаңа индустриалды аймақ салынуда. Бұл индустриалды аймақтың инфрақұрылым жүйелерін жүргізу үшін республикалық бюджеттен 4 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылып отыр.
Таяуда Түркістан қаласындағы қазаны қайнаған құрылыс алаңдарын аралап шыққан облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев аталмыш индустриялды аймаққа да ат басын бұрды. Мұнда Польша мен Түркия елдерінің инвесторлық компаниялары құрылыс заттары мен төмен қуатты созба сым өндіру желісін іске қоспақ. Жоспар бойынша бұл аумақта келер жылы тағы 10 өндіріс орны ашылады. Өңірдің экономикасын арттыру бағытында индустриалдық аймақтардың жұмысы жүйеленіп, әрбір ауданның ерекшелігі мен мүмкіндігіне қарай дамитын болады.
Айта кетейік, Түркістан облысының экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында 9 ауданда жалпы 415 гектар қамтитын индустриалды аймақ құрылған. Ол аймақтарда 1512 жанды жұмыспен қамтыған 26 жоба іске асуда. Жалпы құны 22 миллиард теңгені құрайды.
Шаһарда болашақта көздің жауын алатын әсем ғимараттар мен халыққа қызмет көрсететін орталықтар бой түземек. Айталық «Нұр-Сұлтан» алаңында жаңа әкімшілік іскерлік орталығы мен Медиа орталықтың іргесі қалануда. Құрылыс жұмыстарын өз көзімен көрген өңір басшысы Медия орталықтың ішкі безендіру жұмыстарын бақылады. Алматы қаласының тапсырысымен салынып жатқан нысанның жалпы көлемі – 3 мың шаршы метрді құрайды. Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағында Қостанай облысының тапсырысымен «Неке сарайы» салынуда. Оның жалпы аумағы – 0,36 га. Көне шаһарда өңір әкімдіктері, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 26 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 11 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Облыста ішкі туризм дамуда
  • Ордабасы ауданында сауықтыру туризмі дамиды
  • Ясауи кесенесі 200-ге жуық шаммен жарықтандырылады
  • Түркістан облысында 1200 басқа арналған жаңа сүт фермасы салынып жатыр
  • Түркістан облысында 134 өзен – көлде балық өсіріледі