Түлкібас ауданы халық санына шаққанда 99,9 пайыз табиғи отынмен(газ) қамтамасыз етілген. Биыл көп жылдан бері шешімін таппай келген аудан орталығынан шалғай орналасқан Иірсу елді мекеніне газ құбырын тарту жұмыстары бастау алды. Нысанның құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі. Бұл жұмыстар аяқталған жағдайда ауданымыз еліміздегі табиғи отынмен 100 пайыз қамтамасыз етілген алғашқы аудандардың қатарына еңбек. Бұл жайында аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы Түлкібас кентінің тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.
Бүгін аудан әкімі жұмыс жоспарына сәйкес, Кемербастау және Түлкібас кентінің тұрғындарымен кездесіп, өтініш, ұсыныстарын тыңдап қайтты.
Көршілес орналасқан қос округтегі жиын барысында ауыл әкімдері 9 ай қорытындысымен атқарған жұмыстарын баяндап, жергілікті тұрғындар көкейлерінде жүрген өтініш, ұсыныстарын аудан басшысына жеткізді.
Аудан басшысы әр бір тұрғынның сауалына жеке-жеке жауап қатып, айтылған ұсыныстар бойынша Заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатындығын жеткізді.
Кездесуде жарыссөзге шыққан ауыл ақсақалдары аудан, оның ішінде округ аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Арнайы келіп тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, өтініш-тілектерін тыңдаған аудан басшысы мен мәслихат хатшысына алғыстарын айтып, баталарын берді.
Алқалы жиыннан соң аудан әкімі тиісті бөлім басшыларымен бірге, округ аумағындағы іске асып жатқан құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысымен Түлкібас кентінде ауқымды жұмыс жүзеге асқан. Атап айтқанда, тұрғындар өтінішіне сәйкес аудан әкімінің тапсырмасымен кент орталығындағы Б.Момышұлы саябағынан заманауи балалар ойын алаңшасы мен стрит воркаут бой көтерген.
Елді мекен шегінен 36,6 га жерге инфрақұрылым тарту жұмыстары іске асқан. Нақты айтқанда ауыз су, кәріз жүйесі және электр желісі толығымен тартылған. Аталған аумақ 10 көпқабатты тұрғын үй және 146 жеке үй салуға және әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға есептелген.
Сондай-ақ, кент орталығындағы Астана көшесіндегі ескірген электр желісі мен бағаналар толығымен ауыстырылуда. Көктерек ауылындағы Жаңа көшесіндегі үйлерге газ құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталып отыр.
Кемербастау ауылдық округіне қарасты Майлыкент ауылының Бейбітшілік, Саяжай, Береке көшелері ағымдағы жөндеуден өтіп, Елтай ауылының Кенжетаев көшесіне тас төсеу жұмыстары жүзеге асқан.
Округ орталығына елді мекен атауы жазылған стелла орнатылып, айналасы абаттандырылған.